Орфография мен дыбыс үндестігі (нұсқаулық және сипаттамалық граматика туралы).
Бұл жазбаға Тупак Амарудың қәуіп сөзін қауіп деп жөндегені түрткі болды. Біріншіден, осындай қызық тақырыпты көтеруге себепші болған Тупак Амаруға үлкен рахмет. Қәуіп деп байқамай жазып қойған жоқпын, саналы түрде жазып едім. Тупак Амару былай деп жазады:
“Қ” әрпі жіңішке дауысты дыбыспен бір буында болмайды ғой. “қә”, “қе”, “қі”, “қү”, “қө” деп жазылған буындар орфографиялық қате болып саналады.
Сонымен, Тупак Амарудың келтірген дерегімен келісе отырып, мына бір сұрақты талқылауға шақырамын.
Қазақ тіліндегі ең маңызды дыбыстық ерекшелік үндестік заңы екені белгілі. Тіл дыбыстарын зертеушілердің барлығы қазақ тілінде дауысты дыбыстар үндестігінің екі түрі-еріндік және тіл қатысы жағынан үндестігі- кездеседі дейді. Жуанды-жіңішкелі аралас буындардан құралған сөздер басқа тілдерден енген сөздерде ғана кездеседі деп Ақанов (Тіл білімдерінің негіздері, 1973) та, кейін қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктерін зерттеген Едуард Важда (“Kazakh phonology” мақаласында) да жазады. Ал Сулейменова 1965-жылы жазылған «Қазақ тіліне орыс сөздерін енгізудің кейбір мәселелері» деген мақаласында араб-парсы тілінен келген сөздердің барлығы дерлік 20-ғасырға дейін қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне бағындырылып, танымастай өзгергенін атайды. Олай болса, араб-парсы тілінен келген барлық сөздер қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне бағынады деген сөз.
Қауіп, қатер, және қадір сөздері араб тілінен келген сөздер болғандықтан, Тупак Амару келтірген емле қабылданған болу керек. Дегенмен, айтылғанда қ дауыссыз дыбысымен қатар тұрғанына қарамастан, бұл сөздердегі бірінші дауысты екінші буындағы жіңішке дауысты дыбыстың әсерінен бәрібір ұяңданып тұр. Бұл емлеге қарама қайшы келетін басқа да мысалдар бар. Мысалы қазір мен қәзір, қадір мен қадыр сөздері қазақ тілді жазбаларда қолданыста бірдей жүр (егер гуглдап көрсеңіз, қадыр (41,000) мен қадірдің (41,000) қолданысы тең түседі).
Сонымен, үндестік заңы бәрібір бағындырып тұрған бұл сөздердің жазылуы неге басқа? Егер бұл ереже мінсіз болса, бұл сөздердің жіңішке дауысты егіздері осы тілдің иелерінің жазуында неге жиі қолданылады?
Осы жазбама мысал іздеп отырып Асқаттың блогындағы мына бір жазбаға көзім түсті. Жандарбек Матай қазақ тілінің ережелерін білмей ме? Меніңше бұл құбылыс адамдардың емлені білмегендігінен емес, сипаттамалық граматиканың негізін салған белгілі тіл маманы Хомский айтқандай, осы тілдің иесі ретінде өз тілінде ненің дұрыс, ненің дұрыс емес екенін сезгендіктен, еш қателеспейтін ішкі дауысқа сенгендіктен.
Тупак Амару келтірген ереже нұсқау граматикасы басым болып тұрғанда жазылған, мүмкін қазақ тіліне де сипаттама граматикасына көшетін уақыт келген шығар?
Қазақ тілінің ережелерін жоққа шығарудан аулақпын, мақсатым сіздермен тіл туралы ойларыммен бөлісу. Осы туралы естіп-білгендеріңіз болса ортаға салыңыздар!
To read this article in English, click here.
Сәке, менің айтқаным “қ” әрпі мен жіңішке дауысты дыбыстың біз сөзде емес, буында кездесуі еді. Сіз келтірген мысалдардың барлығында сөзде кездесуі берілген.
Жеке-дара қолданып жүргендерге (Жандарбек Матайды мысалға кетіріпсіз. Шынын айтсам, танымадым. Көргенсіздік танытсам, кешіріп қоярсыз
) қатысты айтар болсам, “Сәбәқ”, “әқ” деп сөйлейтін диалектілер бар екені рас, бірақ қазақтың бәрі өйтіп сөйлемейді ғой. Кей диалектілерде “қазірді” “кәзір” дейді, кейбіреулері “қауып” деп айтады дегендей. “Қауыпсіздік”, “бәрлығы” деп сөйлейтіндер де бар (менімен қоса
). Бірақ бұл сөздердің ешқайсысында “қ” (“ғ”) дыбысы мен жіңішке дауысты дыбыс бір буында (сөзде емес) кездеспейді.
Бар айтарым осы. Кімге қалай көрінетінін қайдам, “ә”, “і” дыбыстарына бола, “қының” ұяңданып кеткенін байқамадым
Тупак Амару
10/01/2010 at 21:22
Жандарбек Матайды мен де білмеймін. Ол кісінің жазбасын “бірден бір дұрыс көз” ретінде емес, бұл құбылыстың табиғи түрде қолданысқа шығып кетіп жүргенін көрсеткенім ғой. Менің айтайын дегенім, қазақ тіліндегі дауысты дыбыстар үндестігінің басымдылығы және “қауіп” сөзіндегі сияқты аралас буындардың кездесуінің себебі. Меніңше, бұл жерде сұрақ туғызып отырған тек қ және ә әріптерінің қатар тұруы. Басқа і, ү және ө әріптерінің қмен қатар тұру мысалдары жоқ болу керек. Ал қмен ә әрпінің қатар тұруы жиі кездесіп қалатыны неліктен? Себебі қазақ тіліндегі дауыстылар үндестігі бәрібір дегеніне жетіп тұрғанында болуы мүмкін деген болжам.
sagym
11/01/2010 at 09:38
Бұрын мен де сөздегі барлық дауыстылар үндесіп тұруы керек деп ойлайтынмын. Кейін келе, “қазір”, “бірақ” деген сияқты сөздерге тап болып, бетім қызарып қалғаны бар.

Сонда менің жасаған байламым – сөзде жуан да, жіңішке де дауыстылар аралас кездесе береді екен. “Қ”, “ғ”, “к”, “г” сияқты дыбыстар өзімен бір буынға түсетін дауыстыларды таңдайды. Яғни, “қ”, “ғ” міндетті түрде жуан, ал “к”, “г” міндетті түрде жіңішке дауыстымен қатар келуі керек.
Тіпті Ахмет Байтұрсыновтың жасаған төте жазуында “е”, к”, “г” дыбыстары кездесетін сөздерде дауысты дыбыстың жіңішкелігін білдіретін дәйекше қойылмайды деген ереже бар, өйткені бұл дыбыстардың жанында ешқашан жуан дауысты болмайтыны айтпаса да түсінікті. Шынымен де, “ка”, “ко” деген буындар тек кірме сөздерде бар, ал “кұ” деген тіпті қазақ тілінің табиғатына жат нәрсе
Дәл сол сияқты, “қ” мен “ғ” дыбыстарының да “ә” дыбысымен қатар келуін тек француз тіліндегі сөздерден ғана кездестірген екем (“гәғсоң”, “кәтғы”). Оның үстіне “қә”, “ғә” деп қазақша дауыстап айтудың өзі қиын ғой. Мұндай кезде, не “қ” дыбысы “к” болып кетеді, не “ә” дыбысы “а”-ға айналып кетеді. Мысалы, ауызекі тілде “кәзір” немесе “қазыр” күйінде кездеседі.
Әдебиет: еш жерден оқыған жоқпын, жай бақылап-байқағандарым
Қазақ тілі керемет тіл ғой шіркін!
Тупак Амару
11/01/2010 at 13:07
Айтпақшы, “қадір” мен “қадыр” сөздерінің тең жазылуына таласым жоқ. “Қадыр” деп жазылғанын көбінесе кісі аттарынан кездестіруге болады.
Тупак Амару
10/01/2010 at 21:36
Негізі мен көрген тіл мамандарының ішінде есерсоқтық деңгейінде тіл ережелерімен ауыратын адамдардың арасында оқ бойы озық тұрса да адекватты көзқарас тек Тупка Амару (Карни) да ғана бар. Тап осы мәселеде Тупак Амару өте дұрыс айтқан, және оған әлденені қосып, не алып жатудың өзі бекершілдік деп білемін. Бұл енді менің пікірім. Қарсы пікірлерің болса, ортаға салыңдар.
Gastarbaiter
10/01/2010 at 22:55
Құрметті Гастарбайтер! Бұл жердегі біздің мақсатымыз кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін анықтау, немесе бір бірімізді жоққа шығару, немесе мадақтау емес, тақырыпты талқылау. Тақырыпқа қатысты әлі де пікірлер жазылады деп сенемін. Көп пікірлікке не жетсін!
sagym
11/01/2010 at 09:15