Тілдің ықшамдылығы мен тиімділігі
Өткен жазбалардың бірінде жаңа қарым-қатынастық технологиялардың тілдерге әсері туралы және ең тұрақты деген Жапон тілінің өзі ықшамдалып бара жатқаны туралы NYT баспасында жарияланған мақаланы назарларыңызға ұсынғанмын. Жазбамды “қазақ тілін де осындай өзгерістер күтіп тұр” деген үмітпен аяқтаған едім. Оқырмандардың бірі «қазақ тілінің табиғаты шолақ кайыруға келер ме екен?» деген сауал қойыпты. Бұл жазбам ағылшын тілді жазбаларға тән ықшамдылық пен тиімділік туралы және қазақ тілінің сондай дәрежеге жету әлеуеті туралы болмақ.
АҚШ жоғары білім алу ордаларында америкалықтар үшін де, шетелдіктер үшін де міндетті сабақтардың бірі – мамандық бойынша жазуға аса ден қойылатын жазба сабақтары, яғни бизнес болсын, жаратылыстану саласы немесе қарым қатынастар болсын, барлығына бірдей. Америка оқу орындарында дұрыс жаза білу қызметте табысты болу үшін маңызды қабілеттердің бірі деп саналады, және шығарма жаза білу – ақындық, жазушылық және әдеби сын салаларымен ғана шектелмеген.
Америкалық жазба сабақтары түлектерге өз ойын білдіруді үйретумен қатар, сол ойларын қуаттайтын деректер мен дәлелдер келтіруді, мәселелерді сараптауды және шешуді үйретеді. Бұл сабақтар тек жазба жұмыстарымен емес, сондай ақ ауызша жаттығулармен де жабдықталған. Яғни, жазба мен сөйлеу қарым қатынас жасаудың бір бірімен тығыз байланысқан екі түрі, демек жазба сөзге айналуы қиын, күрделі болмау керек деген көзқарас қалыптасқан.
Қазіргі ағылшын тіліндегі (осы жолмен дамып келе жатқан неміс тілінде де) жазба мәдениеті мына қағидаларға негізделген:
1. Жазба жұмысы баптарға бөлінуі керек.
2. Әр баптың өзінің тақырыбы мен мақсаты болу керек.
3. Әр баптағы ойлар мен пікірлер тек қана сол анықталған тақырып пен мақсаттың айналасында шоғырлануы керек (focus).
4. Әр бап мүмкіндігінше ықшам болуы керек.
Осы қағидаларды қатаң сақтап үйренген оқушылар қандай да болсын жазба тапсырманы ұйытқылы ұйымдастырып, өз оқырманымен тиімді қарым қатынас жасай алатын дәрежеге жетеді.
Ағылшын тілі жаһандық кәсіпкерлік пен ғылым тіліне айналып келеді. Қәзіргі технологиялық қарым қатынас түрлерінің ықпалына ең көп ұшыраған тіл осы ағылшын тілі болса да, бұл тілдің сапасы нашарлап кетті деуге еш дәлеліміз жоқ, қайта көркейіп барады. Бұл жағдай ағылшын тілінің табиғатына байланысты деп ойлайсыздар ма? Жоқ. Меніңше барлық тілдердің, соның ішінде Қазақ тілінің де, дәл осы жолмен дамуға әлеуеті жетерлік. Сіздер қалай ойлайсыздар?
(To read this post in English, click here.)
Ағылшын тілін үйренуде ең ұнаған сабақтар осы Writing and Reading болатын. Бізде мектептерде көбіне шығарма жазуды шығармашылықпен байланыстырады. Ал сыныптағы баланың бәрінде бірдей шығармашылыққа бейім жоқ екенін түсінікті. Десе де, қазақ әдебиеті пәні шығарма жазуды міндеттейді. Бұл өз кезегінде шығарма жаза алатындар мен жаза алмайтындар деп екіге бөлінуге алып келіп, соңғы топтың түптің түбінде әдебиетке деген қызығушылығын азайтады. Сондықтан, щығарма жазбас бұрын “Шығарманы қалай жазу керектігін” үйретсе, әрі ол академиялық сипаттағы шығармалар болса құба-құп. Қазақ тілін де өзге тілдер салып өткен сүрлеу арқылы жүргізіп, олардың қателерін қайталамай қоғамдық мәртебесін жылдамырақ арттыруға болады. Ниет болса, болғаны…
Пы.Сы. Блогымды оқырмандардың көбі “Күз туралы шығарма”, “Ыбырай Алтынсарин туралы шығарма” т.с.с. деген сұраныспен тауып жатады. Бұлардың дені оқушылар екені түсінікті.
urimtal
03/01/2010 at 13:49