Тіл ұстарту

Ғаламтор мәдениетін силаңыз! Плагиатқа жол жоқ!

Қәуіптен ада тілдердің жағдайы

with 7 comments

Қәуіптен ада деген тілдердің бірі жапон тілі. Жапондықтардың тілдері мен мәдениетін көздің қарашығындай қорғап, сақтап отырғаны дүниежүзіне үлгі. New York Times бетінде қараша айында жарияланған мақала осы мәселеге арналыпты. Мақаланың атын америкалық ағылшын тілінен тура аударсақ  «Технология жапон тілін топастандырып бара жатыр ма?» , ал сыпайырақ баламасын айтсақ «Технология жапон тіліне кері әсерін тигізіп отыр ма?», немесе «Технологияның кесірінен Жапон тілінің сапасы төмендеп бара ма?».  Мақаланың жазған тілші Эмили Паркер дәл қазір «Ғаламтор мен демократия » атты кітабын жазып жатыр. Кезінде Wall Street жорналында Жапония мен Қытай тақырыптарына көп мақала жазған екен. Мақаланы оқысаңыздар, жапон тілі туралы көп мағлұмат береді, бірақ менің көзіме оттай басылып, сіздермен бөліскім келген мақаладағы бір екі мысал. Жапон тілінен мүлде хабарым жоқ, тек жалғалмалы тіл екенін ғана білемін. Ал өте қиын тіл екенін шетелдіктерге қарағанда  жапондықтардың өздері көбірек айтатын көрінеді. Қытай тіліне негізделген канжи жазба жүйесін меңгеріп алу жапондықтардың өздеріне де ауыр тиетін көрінеді. Жапон Либералдық Демократиялық партиясынан сайланып, 2008-2009-да Жапонияның премьер министрі болған Таро Асоның беделі тарих бетінде осы канжи белгілерін жұрт алдында дұрыс оқи алмағаны үшін төмендеуі әбден мүмкін деп жазады тілші. (Мұндай талаптар қойылғанда біздің мәжілістегі жұрт өкіметтің маңына да жуымас  еді.)

Ал жапон тілін елеулі өзгерістерге соқтырып отырған нәрселер -блог, электрондық хаттар мен кейтай шошетсу деп аталатын ұялы телефон арқылы жазылатын махаббат туралы әңгімелер (2007 жылы шарықтау шегіне жетіп, әлемдегі ең көп сатылған кітаптар дәрежесіне ие болған) деп жазады тілші. Жоғарыдан төмен жазылатын жапон тілі көлденеңдеп бара жатқанға ұқсайды. Тек қана компьютерде жазып үйренген жапон саусақтары жазба белгілерін қолмен жаза алмайтын халге жеткен, – дейді тілші. Тағы бір мәселе – қаптап бара жатқан ағылшын сөздері. Бұл өзгерістер жапон тіліне қалай әсер етуде: жапон тілі қарапайымдалып бара ма, оңайланып бара ма,  әлде сапасы төмендеп бара ма деген сұрақ қояды тілші.

Жапон қоғамында бұл өзгерістерге әр түрлі көзқарастар бар көрінеді. Тілші бірнешеуін  ұсынған екен, мен өздеріңізге таныс жазушы Харуки Муракамидің пікірін қысқаша баяндап берейін: «Менің жапон тіліне (барлық тілдерге) қатысты пікірім мынау. Егер тіл өзгергісі келсе, өзгеруіне мүмкіндік беру керек. Тіл адам сияқты, сіз бен біз сияқты тірі дене. Тіршілігі бар болғандықтан ол өзгереді. Оны ешкім тоқтата алмайды. Ал, тіл қарапайымдалып кетеді деген жалған пікір. Тіл не жақсарады, не құлдырайды, ал жақсарды ма, құлдырады ма- оған да ешкім баға бере алмайды.»

Жапон тілінің тарихы мен мәселелерінің өзіндік ерекшеліктері бар.

Меніңше, блогтар мен электрондық хаттар қазақ тілінің дамуына көп пайдасын тигізіп жатқан сияқты. Ойын қысқа және түсінікті етіп жеткізу-қарым қатынастың ең тиімді түрі. Ұзын сонар сөйлемдер мен мәрені үш айналып кететін  жазбалар көркем әдебиеттің еншісінде  қалсын. Ал қазіргі шаңына жеткізбей тұрған технология  заманында әрнәрсеге тез серпіліп, тез жауап беру талабы жазба мәдениетіне, сөйлеу мәдениетіне жағымды әсерін тигізері сөзсіз.

Қазақ тілінің бұл шаруаға қорамсағы сайлаулы, тек қазақша сөйлей беріңіздер.

Written by sagym

24/12/2009 at 12:53

7 жауап

Subscribe to comments with RSS.

  1. Соңғы сөйлеміңіз мірдің оғындай! :) Өте қызықты жазба.

    urimtal

    25/12/2009 at 05:51

  2. Бірақ, қазақ тілінің табиғаты шолақ кайыруға келер ме екен? Әріден толғап, беріден қозғайтын казақ тілі өзінің ерекшелігін жоғалтып алмай ма? Жалпы казақ тілі ,,тез,, сөйлеуге ыңғайсыз сияқты.

    Бақсы

    27/12/2009 at 16:19

  3. Барлық тілдер икемделіп жатыр, қазақ тілі де бейімделіп кетеді. Шолақ қайыру емес, үнемдеп, ықшамдап сөйлеу мен жазу қазіргі уақыттың талабы. Жалпы сөйлемдерді ұзақ етіп жазуды орыстардан келген сиқты. Олар француздардан алған.Француздар хаттарын қысқартқанымен қоштасып болмайтын әдеттері бар екен. Меніңше Абай қысқа, ықшам және түсінікті етіп жазған. Ахмет те не нәрсені тақырыптан тайқып кетпей мәреге тура жеткізеді.

    sagym

    27/12/2009 at 18:25

  4. Қазақ тілі ағылшынша сияқты шолақ қайыруға келмесе де, орысшаның қасында біршама ықшам тіл.

    П.С. сосын, не ғой, “қәуіп” емес, “қауіп” деп жазылушы еді :)

    Тупак Амару

    30/12/2009 at 09:50

    • Пікірлеріңізге рахмет. Келесі жазбамды “ықшамдылық” тақырыбына арнамақшымын.
      Сөздіктерде “қауіп” деп берілгенімен осы туралы тіл мамандары екі ойлы деп естіп едім. Келесі жазбаларда талқылайтын қызық тақырып тауып бердіңіз.

      sagym

      30/12/2009 at 13:48

  5. Екі ойлысын қайдам, өзім білетін қазақшада әрқашан “қауіп” деп жазылады :)
    “Қ” әрпі жіңішке дауысты дыбыспен бір буында болмайды ғой. “қә”, “қе”, “қі”, “қү”, “қө” деп жазылған буындар орфографиялық қате болып саналады. :)

    Тупак Амару

    05/01/2010 at 20:33

    • Мен оқыған қазақшада да “қауіп” деп жазылатын. Бірақ дауысты дыбыстар үндестігі бұл дыбысты бәрібір ұяңдатып, емлеге бағынбай тұр. Бұл тақырыпты міндетті түрде талқылаймыз. Өте маңызды тақырып.

      sagym

      05/01/2010 at 20:51


Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Change )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Change )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Change )

Connecting to %s

Follow

Get every new post delivered to your Inbox.